Мәзір

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) Қазақстанда Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасының 80-қадамын орындау және «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын (2016–2019 жж.) жүзеге асыру аясында енгізілуде. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына Президент 2015 жылғы 16 қарашада қол қойған.
«Бүгінгі күні МӘМС жүйесін енгізу жобасын іске асыру жөніндегі Жол картасы әзірленіп, бекітілді. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен мүдделі құрылымдардың мамандарынан жұмыс тобы құрылды. Әлемдік банк пен Oxford Policy Management халықаралық сарапшылары тартылды. 2016 жылдың ортасына қарай МЗСР жанындағы Медициналық қызметтерге ақы төлеу комитетінің базасында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылатын болады. Оның ұйымдық-құқықтық нысаны – коммерциялық емес акционерлік қоғам. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Үкіметі болады», – деп хабарлады Елжан Біртанов.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда енгізіліп жатқан медициналық сақтандыру жүйесі халықаралық озық тәжірибеге сүйене отырып дайындалған және мемлекет, жұмыс беруші және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі қағидасына негізделген. Мемлекет экономикалық белсенді емес халық үшін жарналар төлейді. Жұмыс берушілер – жалдамалы қызметкерлер үшін. Ал қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар – өздері үшін жарна аударады.
Мемлекет ерекше санаттағы азаматтар (әлеуметтік осал топтар) үшін төлейтін жарна мөлшерлемесі орташа айлық жалақының 7%-ын құрайды. Бұл мөлшерлеме кезең-кезеңімен артады: 2017 жылы – 4%, 2018 жылы – 5%, 2023 жылы – 6%, 2024 жылдан бастап – 7%.
Жұмыс берушілердің жалпы жарна мөлшерлемесі табыстың 5%-ын құрайды; жарналар 2017 жылы 2%-дан басталып, 2018 жылы – 3%, 2019 жылы – 4%, 2020 жылдан бастап – 5% болады.
Қызметкерлердің жарна мөлшерлемесі табыстың 2%-ы болады; төлемдер 2019 жылы 1%, 2020 жылдан бастап 2% мөлшерінде басталады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың (ЖК, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар) жарна мөлшерлемесі табыстың 7%-ын құрайды: 2017 жылы – 2%, 2018 жылы – 3%, 2019 жылы – 5%, 2020 жылдан бастап – 7%.
Жұмыс берушілердің жарналары корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады, ал қызметкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардікі – жеке табыс салығын есептеу кезінде.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден 15 санаттағы азаматтар босатылады, олардың 12-сі – әлеуметтік осал топтар, сондай-ақ әскери қызметшілер мен арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері.
Әлеуметтік осал топтарға мыналар жатады:
- балалар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар, сондай-ақ бұрын «Батыр ана» атағын алғандар және «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендерімен наградталғандар;
- ҰОС қатысушылары мен мүгедектері;
- мүгедектер;
- жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар;
- интернаттық мекемелерде тәрбиеленетін және білім алатын адамдар;
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және резидентура түріндегі жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатындар;
- бала тууына, жаңа туған баланы асырап алуға, үш жасқа дейін бала күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар;
- жұмыс істемейтін жүкті әйелдер және үш жасқа дейінгі баланы факті бойынша тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін тұлғалар;
- зейнеткерлер;
- сот үкімі бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жазасын өтеп жатқан, бірақ ең төменгі қауіпсіздік мекемелерінде емес тұлғалар;
- уақытша ұстау изоляторлары мен тергеу изоляторларында ұсталып отырған тұлғалар.
«Жұмыс берушілердің жарна аударуы 2017 жылдың 1 қаңтарынан басталады, ал қордан қаржыландыру – 2017 жылдың 1 шілдесінен. Қажетті көлемде жарналардың түсу мәселелері салық органдарының құзыретіне жатады. Жарналарды төлемеу және төлеуден жалтару үшін айыппұлдар көзделген», – деп қосты Елжан Біртанов.
Азаматтың медициналық сақтандыруы бар-жоғын анықтау үшін медициналық ұйым қызметкерлеріне оның ЖСН-ін бірыңғай электрондық базаға енгізу жеткілікті. Егер жарналар төленіп жүрсе, азамат сақтандыру шеңберіндегі барлық қызметтерді пайдалануға құқылы. Егер жоқ болса, оған тек кепілдендірілген көлемдегі медициналық көмек көрсетіледі, қосымша шығындарды өзі төлейді.
«МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмектің көлемі азаматтың қорға аударған жарнасының сомасына байланысты емес. Жарналардың тұрақты түрде аударылып тұруы жеткілікті. Мысалы, бір адам ай сайын қорға 5 мың теңге, ал екіншісі – 25 мың теңге аударса да, екеуі де бірдей көлемде қызмет ала алады. Бұл – әлеуметтік әділдік принципі», – деп атап өтті Вице-министр.
Брифинг соңында Елжан Біртановтың айтуынша, МӘМС енгізілуінің нәтижесінде елдегі медициналық көмектің сапасы айтарлықтай артады, дәрігерлердің жалақысын көтеруге мүмкіндік туады, ауруханалар жоғары технологиялық жабдықтар мен қымбат дәрілік заттарды сатып ала алады. МӘМС азаматқа тексеруден өтіп, қажет болған жағдайда емделуге өз бюджетінен қолма-қол ақша шығармай-ақ мүмкіндік береді.
Еске сала кетсек, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес азаматтарға 2 түрлі медициналық қызмет пакеті ұсынылады:
Бірінші – базалық пакет – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын кепілдендірілген көлемдегі медициналық көмек. Бұл пакет Қазақстанның барлық азаматтарына қолжетімді. Ол шұғыл медициналық көмек пен санитарлық авиацияны, әлеуметтік мәні бар аурулар кезіндегі және шұғыл жағдайлардағы көмекті, профилактикалық екпелерді қамтиды.
Өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін 2020 жылға дейін амбулаториялық-емханалық көмек және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету республикалық бюджет есебінен көрсетіледі.
Екінші – сақтандыру пакеті, жаңа құрылатын Медициналық сақтандыру қоры арқылы көрсетіледі. Оған амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық көмек (әлеуметтік мәні бар аурулардан басқа), стационарды алмастыратын көмек (әлеуметтік мәні бар аурулардан басқа), қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім, жоғары технологиялық медициналық қызметтер кіреді.
Бұл пакетке Қазақстанда тұрақты тұратын азаматтар, шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалар МӘМС жүйесінің қатысушысы ретінде қол жеткізе алады.
Бұл пакеттерден бөлек, азаматтар ерікті сақтандыруға қатысу арқылы жеке сақтандыру компанияларымен шарт негізінде қосымша медициналық қызметтер ала алады.
Сурет
Сурет
Сурет
Сурет
Сурет
Сурет
Сурет
Сурет