Алматы дәрігерлері науқасқа екінші өмір сыйлады
16 июня, 2026
«Сіздер менің жұбайыма екінші өмір сыйладыңыздар» — дәл осы сөздермен науқастың жұбайы жедел медициналық жәрдем қызметі мен Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханасының дәрігерлеріне алғысын білдірді. Дәл сол сын сағатта олардың кәсібилігі мен жедел әрекеті науқастың өмірін сақтап қалды.
Науқасты құтқаруға жедел медициналық жәрдем дәрігері Сейіл Алмабеков, сондай-ақ №7 қалалық клиникалық ауруханасының мамандары қатысты: интервенциялық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Сәкен Анартаев, интервенциялық кардиологтар Данияр Қайралиев, Мұхтар Нұрақбай және реанимация бөлімшесінің дәрігерлері.
Барлығы 103 қызметіне түскен шақыртудан басталды. Ер адам кеуде тұсындағы ауырсыну мен жайсыздыққа шағымданған. ЭКГ-да айқын өзгерістер болмағанына және науқастың жағдайы сырттай тұрақты көрінгеніне қарамастан, жедел жәрдем дәрігері Сейіл Алмабеков жедел коронарлық синдромға күдік келтіріп, шұғыл түрде ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдады.
Тасымалдау барысында науқастың жағдайы күрт нашарлап, жүрегі тоқтап қалды. Жедел жәрдем бригадасы дереу реанимациялық іс-шараларды бастап, жүрек қызметін қайта қалпына келтірді.
Науқас шұғыл түрде №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді, онда дәрігерлер ауыр көп тамырлы коронарлық артерия ауруына байланысты жедел миокард инфарктісі диагнозын қойды. Интервенциялық кардиологтар жедел операция жасап, зақымдалған тамырға қан ағымын қалпына келтірді.
Одан әрі емдеу бірнеше кезеңде жалғасты. Мамандардың кәсібилігінің, заманауи технологияның және дұрыс тәсілдің арқасында жүрекке қан ағымы толығымен қалпына келтіріліп, пациент толыққанды өмірге оралды.