Алматыда шұғыл босану сәтті аяқталды
29 июня, 2026
Жедел медициналық жәрдем бригадасы мен Қалалық перинаталдық орталық мамандарының кәсіби шеберлігі мен үйлесімді әрекеттерінің арқасында босану сәтті аяқталды.
Жедел медициналық жәрдем қызметіне шақырту сағат 06:21-де келіп түсті, бригада оқиға орнына сағат 06:31-де жетті. Медицина қызметкерлері келген сәтте әйел босанудың белсенді кезеңінде болған.
Босануды жедел медициналық жәрдем бригадасының фельдшері, жедел жәрдем қызметінде 9 жылдық еңбек өтілі бар Оразбай Жасұлан қабылдады. Көп жылғы тәжірибесінде ол шұғыл жағдайларда бірнеше рет босандырып алғандықтан, бұл жолы да тез, сенімді әрі кәсіби әрекет етті.
Салмағы 3370 грамм болатын қыз бала жедел медициналық жәрдем бригадасының зембілінде дүниеге келіп, бірден шырқырап жылаған.
Күрделі жағдайға қарамастан, медицина қызметкерлері босануды жедел қабылдап, ана мен нәрестеге қажетті медициналық көмек көрсетті. Кейін анасы мен сәбиі Қалалық перинаталдық орталыққа жеткізіліп, онда медициналық көмек одан әрі жалғастырылды.
Қазіргі уақытта ана мен қыз баланың жағдайы тұрақты. Екеуінің де денсаулығы жақсы, мамандардың бақылауында.